Жезқазғанда 150 тоннадан астам қоқыс жиналды
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Жезқазғанның экобелсенділері Қабанбай батыр шағын ауданындағы қоқыс үйінділері мен рұқсат етілмеген қоқыс орындарын тазалады. Акция барысында 150 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды облысында рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жалғасуда.
Жезқазғанда белсенділер экологиялық акция өткізіп, Қабанбай батыр шағын ауданындағы қоқыс үйінділерін тазалады.
Бұрын бұл шағын аудан Геологический кенті деп аталды. Экобелсенділердің айтуынша, мұнда көлемді қалдықтар жылдар бойы жинақталған.
Акция қалалық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырылды. Тазалауға екі КамАЗ және екі тиегіш тартылды. Нәтижесінде 150 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Еске сала кетейік, тамыздың басында Жезқазғанда Кеңгір су қоймасының жағалауын санитарлық тазалау бойынша сенбілік өткен болатын. Оған 350 адам қатысты. Тазалық акциясы барысында сегіз жүк көлігімен қоқыс шығарылды.

