Жезқазғанда 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі ешкім қоныстанбаған

АСТАНА. KAZINFORM –  Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында өңірлерге бөлінген 5 трлн теңге субвенцияның тиімсіз игеріліп жатқанын айтты.

Жезқазғанда 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге ешкім қоныстана алмай отыр
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Әкімдіктерге өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда қаражаттың орталық деңгейде жоғары игерілуі өңірлерде төмен нәтиже көрсетіп отыр. Өңірлерге берілетін субвенциялар шамамен 5 трлн теңге болып отыр. Олар соңғы 3 жылда екі еседен артық өскен. Орындалуы 98%-дан жоғары болып отырған нысаналы трансферттер де шамамен тағы 2 трлн теңге болды. Ал іс жүзінде қалай? Іс жүзінде бюджеттік тәртіп төмен деңгейде», - деді палата басшысы.

Жоғары аудиторлық палата Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында аудит жүргізіп, бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық жобалардың 27%-ында құрылыстың нормативтік мерзімі сақталмағаны анықтаған. Тіпті кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып кеткен. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттаған.

«Осы төрт өңірде орындалмаған жұмыстарға 3,4 млрд теңге төлем жасалған. Сондай-ақ өңірлерде өте маңызды және қажетті объектілердің мақсатына сай пайдаланылмау фактілері болып отыр. Мысалы, Семей қаласында 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, пайдаланылмай тұр. Жезқазған қаласында 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған», - деді Әлихан Смайылов.