Жезқазғанда екі үлкен көше жөнделеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Жезқазған қаласының екі үлкен көшесі жөнделеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Биылғы жылы Қаныш Сәтбаев көшесі мен Бейбітшілік даңғылын жөндейміз. Ол үшін облыстық бюджеттен 700 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар Ғазиз Омаров көшесін жөндеуді жоспарлап отырмыз, ол жұмыстарға жергілікті бюджеттен 73 миллион теңге қарастырылды», - деді Батырлан Ахметов.
Әкімнің айтуынша, жергілікті бюджет есебінен Жезқазғанда 16-шы ықшам аудандағы аула жолдары да жөнделеді. Қаладағы басқа да ұсақ жол жөндеу жұмыстары жалғасады.