Жезқазғанда елімізде құрастырылған жаңа автобустар жолға шықты

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазғанда қоғамдық көлік паркі жартылай жаңарды. Саран қаласындағы зауытта құрастырылған жиырма жаңа автобус желіге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазғанда елімізде құрастырылған жаңа автобустар жолға шықты

Жаңа автобустар төрт қалалық маршрутқа қызмет етеді– № 1, 3, 6, 8. Жезқазғандықтар жаңа көліктің жайлылығына оң баға берді.

«Автобустар заманауи, Саран қаласындағы «QazTehna» ЖШС зауытында жасалған. Олар «Евро-5» стандартына сәйкес келеді, бейнебақылаумен, пандустарды көтеру жүйелерімен, кондиционерлермен жабдықталған. Бір автобустың сыйымдылығы – 51 адам», - деді Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Аслан Арынов.

Жезқазғанда барлығы 13 маршрут бар – 9 қалалық және 4 қала маңы.

«Болашақта біз қалада ONAY электронды жолақы төлеу жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Барлық жаңа автобустар сандық жүйелермен және GPS-құрылғылармен жабдықталған. Бұл City-Bus мобильді қосымшасын әзірлеуге және қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді, ол арқылы тұрғындар қоғамдық көліктің қозғалысы туралы ақпарат ала алады», - дейді Аслан Арынов.