Жезқазғанда қараусыз қалған «Жастар» саябағы қалпына келтіріліп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жезқазған қаласында «Жастар» саябағын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Кезінде бұл қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны болатын, алайда уақыт өте келе саябақ қараусыз қалған, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
None
None

«Жағдайды түзеу үшін үш жылдық мерзімде саябақты қалыпқа келтіру туралы шешім қабылданды. Жобаның жалпы сметалық құны 296,7 млн теңгені құрайды. Бұл сомаға саябақ аумағын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс атқару көзделіп отыр. Жоба аясында су бұрқақ жөнделіп, арканың металл құрылысын қаптау, балалардың ойын алаңқайы мен спорт алаңдарын орнату және ағаш отырғызу қарастырылады», - деп хабарлады Жезқазған қаласы әкімінің баспасөз-қызметі.

Саябақта роллердром, скалодром жабдықтау жоспарланып отыр. Граффити салушыларға шығармашылықтарын шыңдау үшін жеке аумақ қарастырылады.

2017-ші жылы жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінген. Бас мердігер - «Құрылыс» фирмасы. Қазіргі таңда саябақта тас төсеуіштер салынып, жарықтандыру бағаналары, қоршаулар және суару жүйесі орнатылып жатыр.

Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов саябақты қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Шаһар басшысы демалыс орнына кірер жерде көліктерге арналған тұрақтар жасауды тапсырды. Сонымен қатар кіреберісте әсем арка орнатуды сұрады.

«Сметада арка болмаса да қала тұрғындары үшін жақсылық жасап, оны орната салыңыздар, - деді бас мердігерге Батырлан Ахметов. - Негізі сіздер үлкен жұмыс атқардыңыздар, енді істі соңына дейін апару керек. Су бұрқақ орнатылады, қурап қалған өсімдіктерді алып тастап, екі мың көшет отырғызамыз. Жаңартылған саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналады деп ойлаймын».

Сонымен қатар Жезқазғанда «Ғарышты бағындырушылар» монументі жаңартылды. Мүсіндік құрылысты жөндеуге және сырлауға 5,9 млн теңге жұмсалды. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді.

Соңғы жаңалықтар