Жезқазғанда көлік тізгініндегі бес жасар бала бірнеше адамды қағып кетті

апат
Фото: видеодан алынған кадр

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жезқазғанда көлік тізгіндеген бес жасар бала жол бойындағы адамдарды қағып кетті. Апат салдарынан 4 адам зардап шекті. 

Оқиға «Гранд Палас» мейрамханасының жанында болған.

Апат салдарынан төрт адам зардап шекті.

Белгілі болғандай, көлікте отырған бес жасар бала қолмен реттелетін тежегішті жібере салған, содан кейін көлік кері жүріп, тротуарда тұрған адамдарды соққан. 

«Факт полицияда тіркелді. Әртүрлі дене жарақатын алған 4 жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», — деп хабарлады Ұлытау облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға 5 адам түскенін атап өтті. Олардың арасында бала да бар.

«5 адам зардап шекті. Бәрі тірі. 1964 жылы туған науқас травматология бөліміне жатқызылды. Диагноз — жабық кеуде жарақаты. Сол жақ бүйірдегі 4-5-6-7 қабырғалар орнынан жылжып, сынған. Оң жақ бүйірінде де 4-5-6 қабырғалар жылжып сынған. Травматикалық шок — 1 деңгей. Оң жақтағы постравматикалық гемоторакс, сол жақта — постравматикалық пневмоторакс. Қалған 1985, 1959, 1962 жылы туған үш пациенттің бел омыртқасы, оң жақ тобық буыны және денесі көгерген. Бесінші пациент 2018 жылы туған бала амбулаториялық емдеуде. Диагноз — бастың үстірт жарақаты. Сол жақтағы қас аймағында көгерген жара бар», -деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл баланың оқиға кезінде көліктің рулінде болған-болмағаны әзірге анықталып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар
telegram