Жезқазғанда облыстық көпбейінді аурухана салу мәселесі пысықталып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жезқазғанда облыстық көпбейінді аурухана салу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Ұлытау облысының әкімдігі Жезқазған қаласында травматология, бүйрек, пульмонология, оңалту, гастроэнтерология бөлімшелері бар жаңа облыстық көпбейінді аурухана салу мәселесін пысықтауда», - делінген Тамара Дүйсенованың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында.
Сонымен қатар, ол Сәтбаев қалалық ауруханасында травматологиялық және балалар реанимациялық бөлімшесін ашу жоспарланғанын атап өтеді.
«Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдардағы кешенді жоспары аясында (ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 4 қарашадағы № 871 Қаулысымен бекітілген) жеке инвестициялар есебінен 2023 жылы Сәтбаев қаласының орталық ауруханасында ересектер мен балаларға көмек көрсету үшін травматологиялық пункт пен реанимация бөлімшесін ашу жоспарланған», - деді миинстр.