Жезқазғанда оқушыны зорламақ болған өзбекстандыққа қатысты сот отырысы басталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жезқазған қаласының 10 жасар тұрғынын зорламақшы болды деп айыпталып отырған Өзбекстан азаматына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 24-121-бабы («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға оқталу») бойынша айыпталуда.
«Судьяның қаулысы бойынша, сот тыңдауы жабық түрде өтуде. Жәбірленушінің мүддесіне орай, қылмыстық жағдай туралы ақпаратты жария етуге шектеу қойылған», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен.
Еске салайық, шетел азаматы Жезқазған саябағында 10 жасар қызды шөптің арасына күштеп апарып, зорлау мақсатында буындырып жатқан кезде қала тұрғындарының қолына түсті. Көмек сұраған қыздың жан айқайын естіген екі ер кісі мектеп оқушысын құтқарып, қылмыскерді ұстайды. Сондай-ақ, олар осы сәтті видеоға түсіріп алады. Кейін полицияны шақырады. Оқиға орнына жеткен полиция Жезқазғанға жұмыс істеу мақсатында келген шетел азаматын уақытша оқшаулағышқа қамады.