Жезқазғанда өрт салдарынан тұрғын үйлердің 40%-ға жуығы электр жарығынсыз қалды
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазған ЖЭО-да өрт шықты. Төтенше жағдай салдарынан қаладағы тұрғын үйлер мен нысандардың 40%-ы электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
7 қараша күні сағат 18.43-те Жезқазғандағы «Kazahmys Energy» ЖШС-нің ЖЭО-да өрт пайда болды. От шарпыған алаңның жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрады.
«Есептен шығарылған пластмасса шамдар, жоғары вольтты бақылау кабельдері және электр цехының кабельді жартылай қабатындағы бес терезе блоктары жанып кетті. Қарағанды облысы ТЖ департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күшімен электр цехынан жеті адам эвакуацияланды. Өрт 20.11-де сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Жезқазған әкімдігінде қаланың тұрғын үйлері мен нысандарының 30-40%-ы электр жарығынсыз қалғанын түсіндірді. Алайда, түнде апаттық желілерден қайта қосылу аяқталып, барлық тұтынушыларға электр энергиясы берілді, деп мәлім етті әкімдікте.
«Жезқазған ЖЭО-дағы апаттың салдарлары жойылды. Қайта қосу кеше, 07.11.2021 жылы сағат 23.05-те аяқталды, барлық тұтынушыларға электр энергиясын беру қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта қала электр энергиясымен толық қамтамасыз етілуде», - деп хабарлады Жезқазған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.