Жезқазғанда отшашу қолданған ойын-сауық мекемесінің әкімшісі жауапқа тартылды


АСТАНА. KAZINFORM - 14 қараша күні сағат 20:00 шамасында Жезқазған қаласында учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген аумақты аралау барысында балалар ойын-сауық залының алдында пиротехникалық бұйымдардың қолданылғанын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жезқазғанда отшашу қолданған ойын-сауық мекемесінің әкімшісі жауапқа тартылды
Фото: видеодан алынған скрин

Тексеру барысында отшашуды аталған мекеменің әкімшісі ұйымдастырғаны белгілі болды. Осы дерек бойынша әкімші заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.

Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және өзгелердің тыныштығын құрметтеуге шақырды.

Осыған дейін Жамбылда дрифт жасап, отшашу атқан 22 жастағы жігіт қамауға алынғаны туралы жаздық.