Жезқазғанда полицейге дәретін шашқан азаматқа рақымшылық жасалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат  -  Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың жеке бақылауында болған жол-патрульдік полицейіне шабуыл жасау туралы атышулы қылмыстық іс бойынша, сотталған көлік иесі үкімді орындаудан босатылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жезқазғанда полицейге дәретін шашқан азаматқа рақымшылық жасалды

«Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаментінің пробация қызметінің материалы қаралып, ол бойынша сотталушы Қайрат Елубаевті үкімді орындаудан және екі жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан, 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеуден босату туралы қаулы шықты», - деп хабарлады Жезқазған қалалық сотының баспасөз қызметінен.

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 2-бабына сәйкес, аса ауыр емес қылмыс жасаған тұлғалар жазадан босатылады», - деп хабарлады соттан.

Ал жәбірленуші, бүгінде экс-полицей Төлеген Игібеков оған дәретін шашқан жүргізушіні жазадан босатқанына келіспейді.

«Жүргізушіні шапалақпен бастан ұрып жібергенім үшін маған 5 жыл берді. БАҚ-та  резонанс тудырып,  ішкі істер министрінің араласуымен ғана менің мерзімімді шарттыға ауыстырды. Ал Елубаевті Қылмыстық кодекстің 4 бабының (378 «билік өкілін балағаттау», 379 «билік өкіліне бағынбау», 380 «билік өкіліне күш қолдану», 293 «бұзақылық») алты эпизоды бойынша екі жылға ғана соттады», - деп наразылығын білдірді Игібеков.

Еске салайық, оқиға 2015 жылы желтоқсан айында болды. Сот материалдары бойынша, 21 жастағы полиция сержанты Төлеген Игібеков жол-патруль полициясы экипажының құрамында Қайрат Елубаев жүргізіп келе жатқан көлікті тоқтатқан.

Полиция қызметкерлері Елубаевті ішімдік ішкен, я ішпегенін анықтау үшін наркологиялық диспансерге алып барған. Сараптама нәтижелерімен келіспеген Елубаев зәрін сараптамадан өткізуді талап еткен. Дәретханадан шыққан ол сараптамаға жасатуға алған зәрін Игібековтің бетіне шашып жіберген. Бұдан соң Игібеков Елубаевті шапалақпен салып жіберген.