Жезқазғанда прокурорлар мен нұротандықтар көліктегі қауіпсіздік мәселелерін талқылады
ҚАРАҒАНДЫ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Жезқазғанның көлік прокуратурасы «Нұр Отан» ХДП филиалымен бірлесе отырып көліктің барлық түріндегі қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін кеңес өткізді.
Бұл туралы Жезқазғанның көлік прокуроры Нұрғали Асқанбеков хабарлады.
«Кеңес барысында әуедегі, судағы, теміржолдағы көлік қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге ерекше көңіл бөлінді», - деп атап өтті Н.Асқанбеков.
Оның айтуынша, көлік прокуратурасы жолаушылардың жол жүру билетінсіз пойыз арқылы сапар жасау фактілерін, билеттерді сату барысында қолдан билет тапшылығын жасап алу әрекеттерін әшкерелеген.
Кеңеске қатысушылар сондай-ақ Президенттің халыққа арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауын да талқыға салды, деп хабарлады Н.Асқанбеков.