Жезқазғанда түрлі сала мамандарынан «Жастар театры» құрылды
Мәлім болғандай, театрда кәсіби актерлер жоқ, өнер ұжымы әр саланың мамандарынан құралған. Мұғалім мен дәрігер де, зауыт жұмыскерлері мен мектеп оқушылары да барын салып, сахнаға шықсам деген бала күнгі армандарын жүзеге асыруда.
Театр труппасында әзірге 11 мен 29 жас арасындағы 78 адам бар. Өнер ұжымы репертуарды режиссермен ақылдасып таңдайды. Осы күнге дейін олар «Айман-Шолпан», «Құстар фестивалі», «Мир моды», «Услышь меня» секілді қойылымдарды сахналаған.
Шығармашылық ұжым жуырда Астана, Павлодар, Екібастұз қалаларында гастрольдік сапармен болып,көрермендердің жоғары бағасын алған. Қазір олар кезекті спектакльге дайындық үстінде. Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» туындысын қоймақшы.
«Негізі бала кезімнен айтатынмын, осындай үлкен сахнада көрінсем екен деп. Бұл, менің үлкен сахнаға бірінші қадамым болды. Мен өзіме өте қатты қуаныштымын», - дейді мектеп оқушысы Ерасыл Баймусинов.
«Кастингке біраз балалар келіп, қабылдадық. Сол балалармен ең алғаш рет Дулат Исабековтің «Құстар фестивалін» қойдық. Профессионал болмаса да, бәрібір адамның ішінде өнер жатыр. Талпыныс бар. Біреу ән айтқысы келеді, біреу билегісі келеді, біреу сахнаны аңсап жүреді», - деді «Жастар» театрының қоюшы режиссері Жасұлан Түсіпбеков.