Жезқазғанда үйінен кетіп қалған 15 жасар қыз бір күннен кейін табылды
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында із-түссіз кеткендердің фактісі тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жезқазған қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне Жезқазған қаласының 40 жастағы тұрғыны шағымданып келді. Оның айтуынша, 15 жасар қызы дүкенге кеттім деп содан бері үйіне оралмаған.
Жедел-іздестіру шараларының арқасында келесі күні сағат 14:00 шамасында 15 жасар қыз бала аман-есен үйіне жеткізілді.
«Мұндай жағдай болмас үшін балаңыздың мінезіндегі әр өзгерісті назардан тыс қалдырмаңыз. Кейде тұрмыстық ұсақ-түйек кикілжіңнен кейін де ашуға басқан бала үйден кетіп қалып жатады. Сондықтан соңғы тәулікте болған оқиғаларды рет-ретімен еске түсіріп, оны іздеуші инспекторларға басынан аяғына дейін айтып берген дұрыс. Кейде сіз мән бермеген мәліметтің адамды іздеуде шешуші мәні болуы мүмкін» деп ескертеді полицейлер.