Жезқазғанда үздік волонтерлер марапатталды

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Халықаралық еріктілер күніне орай Жезқазған еріктілері марапатталды. Барлығына арнайы шығарылған «Алтын жүрек» медалі мен қала әкімінің алғыс хаты табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазғанда үздік волонтерлер марапатталды

Марапаттау рәсімі екі кезеңде өтті. Алғашқы ондықты Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров құттықтады.

Әкім коронавируспен күрес халқымыздың ерекшеліктерін айқын көрсеткенін атап өтті. Ол қасиеттер - өзара көмек, жанашырлық, бұрын-соңды болмаған қиындыққа қарсы тұруға дайын болу.

Алдыңғы қатарда тұрғандардың қатарында жеке кәсіпкерлер Бауыржан Мұқашев, Бауыржан Нысанбаев, Ерғазы Көрпеқұлов және Ботажан Достанбекова, сондай-ақ түрлі сала өкілдері болды.

Марапаттаудың екінші кезеңі «Бірлік» волонтерлер клубының кеңсесінде өтті. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова еріктілерді мерекемен құттықтап, жанашыр жандарға алғысын жеткізді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, волонтерлік - жай ғана тегін жұмыс емес, бұл - азаматтардың жауапкершілігінің көрсеткіші және әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайын болу. Еріктілік - мықты адамдардың ғана емес, ол бір нәрсені өзгерткісі, түсінгісі, көргісі және көмектескісі келетіндердің барлығына арналған іс», - дейді Жезқазған жастар ресурстық орталығының жетекшісі Саят Балмағанбетов.