Жезқазғандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Соңғы аптада Жезқазғанда COVID-19 жұқтыруға қатысты жағдай азайып, жұқпалы аурулар стационарының жүктемесі төмендеді. Бірақ ауруханалар мен провизорлық госпитальдерде қажетті техникамен жабдықтау тоқтаған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі уақытта инфекциялық төсек-орын жүктемесі 42,3%-ға дейін, провизорлық төсек-орын – 42,6% - ға дейін азайды. Жан сақтау бөлімі 65%-ға жүктелген.
Сондай-ақ, жедел медициналық жәрдем қызметіне жүктеме біртіндеп төмендеуде. Соңғы аптада коронавирус инфекциясы мен пневмония бойынша шақыру саны 1 308-ден 993-ке дейін қысқарды.
Пандемия кезінде Жезқазған мен Сәтбаев ауруханаларына 6 ӨЖЖ аппарат, 174 оттегі концентраторы, 28 пульсоксиметр сатып алынды. Бұл жабдықтарды Денсаулық сақтау басқармасының қаражатына және «Қазақмыс» корпорациясының демеушілік көмегінің арқасында сатып алуға мүмкіндік туды.
Жақын арада аталмыш қалалардың госпитальдарына 3 ӨЖЖ апппараты және 70 пульсоксиметр келіп түседі.
Жезқазған, Сәтбаев қалаларында компьютер томографиясы кабинеті жұмыс істейді. Биыл қазан айында тағы екеуін ашу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін екі заманауи сандық рентген аппаратын сатып алу көзделіп отыр. Бұл тексерудің қолжетімділігін арттырады, ауруды дер кезінде анықтауға және аурудың ауыр түріне өтуіне жол бермей ем жүргізуге мүмкіндік береді.
«Жезқазған медициналық орталығында» тәулігіне 500 зерттеуге арналған ПТР зертхана жұмыс істейді. Қаланың барлық медициналық мекемелері қажетті техникамен жабдықталған, дәрі-дәрмектердің айлық қоры бар.
22-23 шілде аралығында Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Жезқазған аймағында болды. Ол көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметімен танысып, облыс орталығының екі дәрігер бригадасымен бірге аурухананың медициналық қызметкерлеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетеді.
Медициналық орталық базасында Ержан Нұрлыбаев өңірдің медицина ұйымдарының басшыларымен коронавирус ық инфекциясының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сондай-ақ, 23 шілдеде Жезқазған аймағының тұрғындары үшін тікелей эфирде онлайн брифинг өтті, онда облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
