Жезқазғандықтар кран суын тәуелсіз сараптамадан өткізу үшін Астанаға жіберді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазған тұрғындары орталық құбыр магистралінен келетін суық және ыстық судың сегіз үлгі сынамасын елордалық сарапшыларға жіберді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жезқазғандықтар кран суын тәуелсіз сараптамадан өткізу үшін Астанаға жіберді

Қоғам қайраткері, Жезқазған тұрғыны Берік Жағыпаровтың сөзіне қарағанда, сегіз түрлі мекенжайлардағы үйлердің кранынан алынған сынамалар Президент Іс басқармасы медициналық орталығының мемлекеттік «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығына» жеткізілген.

«Әр бөтелке қаланың әртүрлі аудандарынан алынды. Сараптаманы жергілікті кәсіпкер қаржыландырды, ал біз, тұрғындар, сол шығынның орнын толтыру үшін бес мыңнан жинап жатырмыз», - дейді Берік Жағыпаров.

Жезқазған тұрғындарының пікірінше, Астана сарапшыларының қорытындылары дәл болады. Жергілікті зертханаларға қала тұрғындары сенуден қалды.

Бұрын хабарланғанындай, Жезқазғанда екі жылдан бері краннан сасық су келіп тұр.