13:13, 15 Қараша 2013 | GMT +5
ЖХЛ: «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубы «Дизельді» қабылдайды
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубы өз алаңында «Дизель» (Ресей, Пенза) командасын қабылдайды.

Биылғы чемпионаттың басында «Қазцинк-Торпедоның» қауқары қатты болған. Команда лиганың жалпытурнирлік кестесінде бірінші орынға шығып, сол жетістігін біраз уақыт бойы ұстады. Алайда кейінгі кезде бес рет қатарынан ұтылды. Соңғы ойында Өскемен қаласының хоккей клубы «Саров» командасына буллиттен жол беріп қойды. Бүгінде 21 матчтың қорытындысы бойынша «Қазцинк-Торпедо» 37 ұпаймен бесінші орынға орналасты. «Дизель» болса, бір-ақ ұпайға қалып келеді. Оған қоса, Пенза қаласының хоккей клубы екі матчқа кем ойнаған. Демек, ол әлі де біраз ұпай жинай алады. Қазір «Дизельдің» еншісінде 36 ұпай бар. Жоғары хоккей лигасының жалпытурнирлік кестесінде бұл команда алтыншы орында тұр.