ЖХЛ: «Сарыарқа» екінші ойында жеңіске жетті
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жоғары хоккей лигасының жаңа маусымы аясында кезекті ойынын сырт алаңда өткізген қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы ресейлік «Ижсталь» командасын сүріндірді.
Алғашқы матчта «Сарыарқа» өткен маусымның чемпионы «Торос» (Башқұрстан) хоккейшілеріне жол бергенімен оның қарсыластарынан басым екендігі барынша байқалды. «Сарыарқа» хоккейшілері матчтың соңғы минуттарына дейін бір шайбамен алда болды. Алайда «Торос» таразы басын теңестіріп, ойынды буллитке дейін жеткізген еді. Онда қарсыластардың асығы алшысынан түсті. Сол ойында «Сарыарқа» бір ұпайды олжалап кетті. Ал кеше өткізген екінші матчта Қарағанды қаласының хоккей клубы овертаймда «Ижстальді» жеңіп, тағы екі ұпайға ие болды. Айта кеткен жөн, Жоғары хоккей лигасының соңғы чемпионатында қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы финалға дейін жеткен болатын. Бірақ «Торос» командасына жол беріп қойды. Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедосы» болса, плей-оффқа шыға алмады. Жоғары хоккей лигасы (ЖХЛ) - Құрлықтық хоккей лигасынан (ҚХЛ) кейінгі чемпионат. ҚХЛ-да тек Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы өнер көрсетсе, ЖХЛ-да «Сарыарқа» және «Қазцинк-Торпедо» ел намысын қорғап жүр.