ЖХЛ: «Сарыарқа» Тверь қаласының құрамасын жеңді

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Жоғары хоккей лигасының кезекті ойындары аясында Қарағанды қаласының «Сарыарқа» хоккей клубы сырт алаңда «ТХК» (Ресей, Тверь) командасын жеңді.

ЖХЛ: «Сарыарқа» Тверь қаласының құрамасын жеңді
Ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде «Сарыарқаның» хоккейшілері қарсыластар қақпасына екі бірдей шайбаны соғып, алға шықты. Ал үшінші кезеңнің басында есеп айырмасы 3:0-ге дейін жетті. Осыдан кейін Қарағанды қаласының хоккей клубы қорғанысқа көшті. Дегенмен, «ТХК»-ның шабуылдарына төтеп бере алмады. Ойынның аяқталуына төрт минуттай қалғанда таразы басы теңесті. Үш минуттың ішінде «Сарыарқа» тағы да алға шықты. Бірақ соңғы секундтарда қарсыластар бір шайбаны соғып үлгерді. Есеп - 4:4. Овертаймда «Сарыарқаның» хоккейшілері табандылық таныта білді. Дмитрий Громов өз командасын жеңіске жетеледі. Қорытынды есеп - 5:4. Қарағанды қаласының хоккей клубы тағы екі ұпайға ие болып, жалпытурнирлік кестеде 14-ші орынға көтерілді. Ал Өскемен қаласында өткен «Қазцинк-Торпедо» және «Молот-Прикамье» арасындағы ойынның нәтижесі овертаймнан асып, булитке дейін жетті. Онда Пермь хоккей клубының жолы болды. Қорытынды есеп - 1:2 (Б). Соған қарамастан, «Қазцинк-Торпедо» Жоғары хоккей лигасының жалпытурнирлік кестесінде екінші орнын сақтап қалды. Оның еншісінде 36 ұпай бар.