ЖХЛ: «Сарыарқаның» бүгінгі қарсыласы - «Дизель»

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды қаласының «Сарыарқа» хоккей клубы өз алаңында ресейлік «Дизель» (Пенза) командасын қабылдайды.

ЖХЛ: «Сарыарқаның» бүгінгі қарсыласы - «Дизель»

Айта кеткен жөн, соңғы ойында қарағандылық клуб «Саров» хоккей клубынан 1:3 есебімен жеңіліп, бесінші рет сүрінген болатын. Оған дейін команда «Торосқа» (3:4 (Б), «Молот-Прикамьеге» (0:4), «Южный Урал» (2:3) мен «Челметке» (1:2) жол беріп қойған. «Сарыарқаның» хоккейшілері «Ижстальға» (Ижевск) қарсы тек бір ойында ғана жеңіске жетті. Оның өзі қосымша уақытта шешілген. Ал оның бүгінгі қарсыласы - «Дизель» соңғы алты ойында төрт рет жеңіске жетіп, 11 ұпайды олжалады. Бір қызығы, оның бес бірдей матчы буллит сериясына дейін жеткен. Онда ол үш рет ұтып, екі рет жеңілген. Соңғы «Ижсталь» командасымен өткізген ойында ғана «Дизель» таза жеңіске жетіп, толық үш ұпайды еншіледі. Қазір ол жалпы турнирлік кестеде 12 орында тұр. Ал «Сарыарқа» көш соңында - 25-ші орында (лигада 26 команда бар) келеді.