ЖИ-агенттің бір өзі миллиард доллардық компаниялар құра алады – БАӘ министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Болашақта ЖИ-агенттер жеке қызметкерлердің мүмкіндігін бірнеше есе арттырады және бір адам басқарса да, құны ондаған миллион, тіпті миллиардтаған долларға бағаланатын компаниялар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы БАӘ-нің Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі министрі Омар әл-Олама мәлімдеді.

ЖИ-агенттің бір өзі миллиард доллардық компаниялар құра алады
Фото: khaleejtimes.com

AI Everything Abu Dhabi форумында министр БАӘ халқының салыстырмалы түрде аз болуына байланысты туындайтын шектеулерді ЖИ-агенттер арқылы еңсеруге болатынын айтты.

ЖИ-агенттер адамның мүмкіндігін, дағдылары мен ықпалын «бірнеше есе арттыра» алады. Бұл БАӘ сияқты елдерге халқы жүздеген миллион және одан да көп ірі нарықтармен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

— Бір адам мен бірнеше ЖИ-агенттен тұратын, құны 20 млн доллар немесе тіпті миллиардтаған долларға жететін компаниялардың ашылғанына куә боламыз. Егер біз адамдарға олардың мүмкіндігін, дағдылары мен ықпалын бірнеше есе арттыратын агенттер арқылы артықшылық бере алсақ, экономикалық тұрғыда ірі ойыншылармен бәсекелесе аламыз, — деді Омар әл-Олама.

Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер қазір-ақ БАӘ-дегі жұмыс орындарында байқала бастаған. Ол осы аптада Әбу-Дәбидегі компаниялардың біріне барғанын мысал ретінде келтірді.

Компания қызметкерлерінің 10% астамын ЖИ-агенттер құрайды. Агенттер тапсырмаларды «бірнеше есе жоғары жылдамдықпен» орындап, еңбек өнімділігі мен шешім қабылдау сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұл мәлімдемелер БАӘ-нің мемлекеттік сектор мен бизнес саласына агент ЖИ-ді белсенді енгізіп жатқан тұсында айтылды. Сәуірде БАӘ Министрлер кабинеті екі жылда мемлекеттік секторлар мен операциялардың 50%-да ЖИ-агент енгізу жоспарын жариялаған болатын.

Маусым айында БАӘ-де Жасанды интеллект және деректер жөніндегі басқарма құрылып, оның төрағасы қызметіне әл-Олама тағайындалды. Басқарма ЖИ, деректер және цифрлық мемлекеттік басқару салаларындағы ұлттық бағыттар мен басымдықтарды айқындауға жауап береді.

О. әл-Оламаның айтуынша, мұндай өзгеріс дәстүрлі бизнеске ғана емес, ойын-сауық саласына да әсер етеді. Бұрын үлкен команда мен қомақты қаржыны қажет ететін жобаларды енді ЖИ арқылы жеке адамның өзі жүзеге асырып, өз студиясын құра алады.

— Тарихи тұрғыда ойын-сауық контентін өндіру белгілі бір нарықтарға шоғырланған. Мысалы, Голливуд, Үндістандағы Болливуд немесе Оңтүстік Кореядағы өндіріс орталықтары танымал. Егер адамдарға осы құралдарды пайдаланып, дағдыларын жетілдіруге және дамытуға мүмкіндік берсек, олардың кеңінен таралуына қол жеткізе аларымызға сенемін, — деді ол.

Оның айтуынша, ЖИ көмегімен жасалған ойын-сауық контенті саласында алғаш көш бастайтын нарық осы технологияны кеңінен тарата алған елде қалыптасады.

әл-Олама Instagram мен Snapchat желілерінен ЖИ көмегімен түсірілген фильмдер мен сериалдар жарнамасын көргенін айтты. Мұндай контент көрерменді аз ғана уақытта қызықтыра алады. Министр шағын топтар немесе жеке адамдар ЖИ көмегімен сценарий жазып, сюжеттің бірнеше нұсқасын жасап, контентті жедел жариялай алатын модель қалыптасып жатқанын айтты. Мысалы келімсектер, динозаврлар, тыңшылар мен ниндзялар тақырыбы қайталанып отырады.

— Нарыққа кірудегі кедергі айтарлықтай азайды. Енді ойын-сауық саласында бір адамнан тұратын студиялар қайта пайда болып, әлемді өзгерте алатын таңғажайып контент жасай алады, — деді ол.

Сонымен бірге, спикер мемлекеттердің мұндай контенттің ұлттық талаптарға сай болуын бақылауды жалғастыруы қажет екенін мойындады.

Әмірліктердің ЖИ саласын қалай дамытпақ

Омар әл-Олама ЖИ-ді пайдаланудан бас тартқан елдер мен адамдар технологиялық дамудан қалып қоюы мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, ЖИ-ді тек бақылап, реттеу жеткіліксіз, оның мүмкіндіктерін іс жүзінде экономикаға енгізу қажет. Әйтпесе технологияның қарқынды дамуы ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін.

— Егер ештеңе істемесеңіз, «Мен бұл революцияның бір бөлігі болғым келмейді» десеңіз, оның экономикаңыз бен қоғамыңызға әсері қандай болады? 99% жағдайда оның салдары жайсыз болады, — деді ол.

Оның айтуынша, жаңа жағдайға бейімделмеген қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін. Ал ЖИ-ді пайдаланудан бас тартқан елдер экономикалық мүмкіндіктерді басқа мемлекеттерге беріп қою қаупіне ұшырайды.

— Біздің ұстанымымыз қарапайым — осы толқынды тиімді пайдаланғысы келетін әр адам бұл технологияны түсініп, қолдана білуі керек және одан пайда табуы қажет. Сондықтан Біріккен Араб Әмірліктері ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын арттыруға бағытталған ауқымды стратегия жүргізіп жатыр, — деді ол.

Атап айтқанда, ел 80 мың мемлекеттік қызметшіні оқытуды жоспарлап отыр. Олар ЖИ-агенттер құрып, ЖИ модельдерін тиімді пайдалана алатын «суперпайдаланушыларға» айналуы керек.

Сондай-ақ БАӘ Microsoft компаниясымен бірлесіп, келесі айда 1 миллион адамды оқытуға бағытталған науқанның аяқталуға жақын. Бұл адамдар «ЖИ-дің суперқозғаушы күшіне» айналуға тиіс.

Әл-Олама Қазақстандағы ЖИ көмегімен түсірілген фильмдер фестивалі туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, бір адамның өзі дәстүрлі түрде үлкен команданы, тіпті миллиондаған долларды қажет ететін фильм немесе басқа да контент жасай алған. Мұндай құралдар адамдардың өзін таныту тәсілдерін өзгертіп, әлеуметтік желіде инфлюенсер болуды қажет етпей-ақ контенттен табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыра алады.

Министр БАӘ-нің ЖИ саласындағы жетістігін компаниялардың құны немесе еңбек өнімділігінің артуымен ғана өлшенбейтінін айтуда.

— Біз үшін жеңіс — мүмкіндігінше көп адамның өмірін жақсы жаққа өзгерту. Егер адамдар ЖИ туралы айтылған сайын немесе ол енгізілген сайын өмір сапасының жақсарып жатқанын көрсе, олардың көзқарасы да мүлде өзгеше болады, — деді ол.

Министрдің айтуынша, көптеген есептер мен зерттеулерде БАӘ ЖИ-ге деген оптимизм деңгейі бойынша бірінші орында тұр. Бұл көрсеткішті сақтап қалу үшін ЖИ-ді енгізудің адамдардың өміріне оң әсерін қамтамасыз ету қажет.

Зияткерлік меншік саласындағы ережелерді қайта қарау қажет

Министрдің айтуынша, ЖИ-дің қарқынды дамуы үкіметтерді зияткерлік меншікті қорғаудың қолданыстағы тетіктерін қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.

Оның айтуынша, зияткерлік меншікті қорғаудың қазіргі жүйесі адамдар жасаған өнертабыстарды өзгелердің заңсыз көшіріп алуына жол бермеу үшін қалыптасқан. Алайда бұрын бұл жүйелер жаңа өнім мен шешімдерді өздігінен жасай алатын ЖИ сияқты технологияның әрекетін реттеу мәселесіне тап болған емес.

Оның сөзінше, зияткерлік меншікті қорғаудың дәстүрлі жүйелері өнертапқыштардың еңбегін басқа адамдардың көшіріп алуынан қорғау үшін құрылған. Алайда бұған дейін бұл жүйелер жаңа нәтижелер жасай алатын адамға жат жүйенің қызметін реттеу қажеттілігімен бетпе-бет келген емес.

— Адамзат тарихында осы уақытқа дейін жансыз нысанның өз бетінше қандай да бір дүние жасай алуы мүмкін болмаған. Сондықтан қазір осы құқықтардың мәнін қайта қарап, қолданыстағы қорғау тетіктерін жаңартып, олардың қазіргі жағдайға қаншалықты сай келетінін бағалайтын кез келді деп ойлаймын, — деді ол.

Ол мысал ретінде зымыран жасау және электр қозғалтқыштарын өндіру сияқты салаларға арналған күрделі инженерлік шешімдерді әзірлей алатын ЖИ жүйелерін атады. Министрдің айтуынша, мұндай әзірлемелер болашақта коммерциялық тұрғыдан табысты компаниялардың негізіне айналуы мүмкін.

Министр ЖИ модельдерін оқытуға қолданылатын деректердің сипаты да тез өзгеріп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде ЖИ жасаған синтетикалық деректер оқытуға пайдаланылатын деректердің басым бөлігін құрайды.

— ЖИ өзі жасайды, әрі оны ЖИ өзі пайдаланады. Ал болашақта бұл өміріміздің қалыпты құбылысына айналады. Үкіметтер бір жағынан шығармашылықпен айналысатын адамдардың құқықтарын қорғайтын, екінші жағынан ЖИ-ді қоғамға пайдалы нәтижелер әкелетін бағытта қолдануға ынталандыратын жүйе қалыптастыруы қажет, — деді О. әл-Олама.

ЖИ және сайлау 

Әл-Олама БАӘ-де сайлау кезінде ЖИ-ді қолдануға қойылатын талаптар туралы да айтты.

Оның сөзінше, кандидаттар ЖИ-ді әр қолданған жағдайын тіркеп, бұл туралы белгіленген мерзімде есеп беруге міндетті. ЖИ-ді тек өз сайлау науқаны мен қызметіне қатысты мақсатта пайдалануға болады. Ал оны басқа кандидатқа зиян келтіру, оның беделіне нұқсан келтіру немесе оған қарсы әрекет жасау үшін қолдануға тыйым салынады.

Министрдің айтуынша, бұл талаптар ЖИ-ді жалған ақпарат таратуға немесе бопсалауға пайдаланудың алдын алып, кандидаттардың технологияны қалай қолданғаны үшін жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Үкімет сырттан келетін жаңа идеяларға ашық болуы керек

Кездесу соңында Омар әл-Олама әлеуметтік жобалармен айналысатын ұйымдар ЖИ-ді енгізудегі олқылықтардың орнын толтыру үшін үкіметпен қалай бірлесе алады деген сұраққа жауап берді және мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімді әрі жаңа идеяларға ашық болуы керегін айтты.

— Үкімет жаңа идеяларды құптап, оның дамуына үлес қосқысы келетін адамдарды қолдап, олардың ұсыныстарын қабылдауы керек. AI Camp және UAE Codes сияқты мемлекеттік платформалар, сондай-ақ түрлі инкубаторлар мен акселераторлар қазірдің өзінде азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік бастамаларға араласуға мүмкіндік беріп отыр, — деді спикер.

Оның айтуынша, мемлекет үнемі өзгеріп, дамып отырады. Бұл шағын өзгерістерден бастап ауқымды реформаларға дейінгі үдерісті қамтиды. Сондықтан үкімет туындаған мәселелерге тез бейімделіп, жедел жауап беру үшін сыртқы ұйымдармен де ынтымақтастық орнатуы қажет.

Осыған дейін Оман Сұлтанының Қазақстанның жасанды интелект саласындағы жетістіктеріне қызығушылық танытқаны туралы жаздық.