ЖИ арқылы бақылау: енді елімізде заңсыз құрылыс салу мүмкін болмайды
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы елімізде егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын іске асыруды жасанды интеллект бақылап отыратын болады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты.

– Министрлік жасанды интеллектті пайдалана отырып, бас жоспарды және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын іске асырудан кейінгі бақылау технологиясын пилоттық жоба ретінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, елді мекендердің аумағын қарау кезінде компьютердің мүмкіндігін қолдану көзделіп отыр. Алынған нәтиже (жергілікті жердің цифрлық моделі) жүйеде егжей-тегжейлі жоспарлаудың цифрлық жобасымен және бас жоспармен салыстырылуы керек, - деді ол Үкімет отырысында.
Вице-министрдің айтуынша, осылайша елді мекендерде заңсыз салынған нысандарды оңай анықтауға болады.
— Қала құрылысы жобаларына қайшылық фактілері анықталған жағдайда, жүйе мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына қажетті шараларды қолдану үшін хабарлама жібереді. Бұл технология қажетті құжаттарсыз заңсыз құрылысты анықтаудың қосымша құралы болады. Осы пилоттық жобаны 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал 2026 жылы оны заңнамалық тұрғыдан бекітуді және өңірлерге тарату қарастырылған, - деп түйді сөзін Қуандық Қажкенов.
Сондай-ақ бұдан былай қалаларда салынып жатқан нысанның әуелгі жобасынан және салыну мақсатынан ауытқымауы үшін құрылыс объектісінің бірегей нөмірі енгізіледі.