ЖИ дәуіріндегі университет: Қазақстанда жоғары білім қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект университеттегі оқыту мен ғылыми зерттеуден бастап, оқу орнын басқаруға дейін еніп жатыр. Енді басты мәселе – жаңа технологияны білім сапасын арттыруға тиімді пайдалану. ЖИ студенттің білімін бағалай ала ма? Оған қатысты шешімді технологияға сеніп тапсыруға бола ма? Болашақта барлық студент бірдей бағдарлама бойынша оқи ма? Астанада өткен халықаралық форумда отандық және шетелдік сарапшылар осы және өзге де мәселелерді талқылады.
Бүгін Astana IT University-де «ЖИ және цифрлық технологиялар дәуіріндегі сапаны арттыру: білім берудің жаңа көкжиектері» атты Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі X Орталық Азия халықаралық форумы өтті. Аталмыш іс-шара Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (IAAR) 15 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Қазақстанда тәуелсіз аккредиттеу жүйесі қалай қалыптасты
Форумда білім сапасын арттыруға қатысты жаңа тәсілдер, жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу және халықаралық тәжірибе сөз болды. Қазақстандағы білім сапасын бағалау жүйесінің қалыптасуына тоқталған Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов бұл бағытта соңғы жылдары үлкен өзгеріс болғанын айтты.
Оның сөзінше, 2000 жылдардың басында Қазақстанда білім сапасын бақылау жүйесін қалыптастыру жұмыстары басталып, 2002 жылы мемлекеттік аккредиттеу жүргізілді. Алайда бұл тәсіл ойдағыдай жұмыс істеген жоқ. Одан кейінгі он жылда білім сапасын бақылаудың тиімді жолдарын іздеу жалғасты.
– 2010 жылы Қазақстан Болон процесіне қосылып, кредиттік технологияға көшкеннен, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдігі дами бастағаннан кейін елімізде ЖОО-ларды тәуелсіз аккредиттеу жүйесін құруға нақты мүмкіндік туды. Бұл халықаралық тәжірибені ескеретін жаңа заңнамалық базаны, аккредиттеу процесі мен оған қойылатын талаптарды реттейтін құжаттарды, институционалдық құрылым мен кадр даярлауды қажет етті. Соның нәтижесінде Қазақстанда толыққанды тәуелсіз аккредиттеу жүйесі қалыптасты, - деді Бақытжан Жұмағұлов.
Оның сөзінше, тәуелсіз аккредиттеудің басты мақсаты – жоғары оқу орындарын тек бақылау емес, оларды білім сапасын үнемі арттыруға ынталандыру.
– Аккредиттеу ең алдымен жоғары оқу орындарының өзімен жұмыс істеуіне, сапасын арттыруына ықпал етеді. Білім сапасы енді халықаралық стандарттарға сәйкестік қана емес. Сапа – білімнің экономика мен қоғамға қажет адами капиталды арттыра алу қабілеті, - деді академия президенті.
Жұмағұлов Қазақстандағы жоғары білімнің халықаралық деңгейде дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде елде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының 30-дан астам филиалы жұмыс істейді, ал қазақстандық университеттерде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр.
«Білім сапасының негізі – халықаралық сенім»
Ал жиынға қатысқан Еуропалық жоғары білім сапасын қамтамасыз ету қауымдастығының (ENQA) президенті Даниэла Кристина Гитулика білім сапасын қамтамасыз етудің тағы бір қырына – елдердің білім жүйелері арасындағы сенімге назар аударды.
Оның айтуынша, халықаралық стандарттарға негізделген тәуелсіз бағалау бір университеттің немесе мемлекеттің ішкі мәселесі емес.
– Бұл елдердің жоғары білім жүйелері арасында сенім қалыптастырады. Ал сенім студенттер, оқытушылар мен зерттеушілердің академиялық мобильдігіне, университеттердің халықаралық ынтымақтастығын дамытуға жол ашады, - деді ол.
Гитулика IAAR-дың ENQA-ға 10 жылдан бері мүше екенін және осы кезеңде үш рет сыртқы бағалаудан өткенін атап өтті. ENQA мүшелері Еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі сапаны қамтамасыз ету стандарттары мен нұсқаулықтарына сәйкестігін тұрақты түрде растауы керек.
Сонымен бірге ENQA президенті жасанды интеллект жоғары білім үшін мүмкіндік қана емес, жаңа сын-қатер екенін де еске салып өтті. Оның айтуынша, ЖИ білім сапасына оң ықпал ете алады, бірақ оны қолдану сенім мәселесін де алға шығарады.
«ЖИ университеттің барлық саласына енуі керек»
Өз кезегінде Қазақ-Американ университетінің президенті Асылбек Исахов университеттер цифрландырудан кейін жаңа кезеңге, яғни жасанды интеллект трансформациясына өтіп жатқанын айтады. Оның пікірінше, ЖИ трансформациясын тек ChatGPT пайдалану немесе әртүрлі AI-агенттер құру деп түсіну жеткіліксіз.
– Жасанды интеллект университет қызметінің барлық негізгі бағытына енуі керек. Біздің университетте оны қолданудың төрт бағытын айқындадық: білім беру процесі, оқыту, ғылыми зерттеулер және университетті басқару, - деді ол.
Университет президентінің айтуынша, ЖИ-ді меңгеруді үш деңгейге бөлге болады.
– AI user – ЖИ құралдарын қолданушы, AI professional – оны кәсіби деңгейде пайдаланушы, AI creator – жасанды интеллект технологияларын жасаушы. Бүгінде университет қызметкерлері мен студенттер кемінде ЖИ құралдарын қолдана білуі керек, - деді спикер.
Алайда жасанды интеллектінің мүмкіндігі артқан сайын оған қандай міндеттерді тапсыруға болмайтынын да анықтау маңызды.
– Жасанды интеллект көмекші болуы керек, бірақ студенттің оқуына қатысты шешімді өзі қабылдамауы тиіс. Негізгі жауапкершілік бәрібір оқытушыда қалады. ЖИ қосымша материалдар ұсынып, студенттің әлсіз тұстарын анықтауға көмектесе алады, - деп қосты ол.
«Барлық студентке бірдей оқу тәсілінен бас тартқымыз келеді»
Ал жиынға қатысқан ITU ректоры Әлтайыр Ахметов болашақтағы білім сапасы қолданылатын технологиялардың санымен емес, олардың оқу процесіне қаншалықты тиімді енгізілгенімен анықталады. Бұл ретте технология қанша дамыса да, білім беру жүйесінің басты назарында адам қалуы керек.
– Біз барлық студентті бірдей бағдарлама бойынша оқытудан біртіндеп бас тартқымыз келеді. Әр студенттің мүмкіндігі, қажеттілігі мен мақсаты ескерілуі керек. Жасанды интеллект осыған көмектесетін құралға айналады, – деді ол.
Ректордың айтуынша, мұндай өзгерістерді бір университеттің күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. Ол үшін жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар, сарапшылар, жұмыс берушілер және білім сапасын қамтамасыз ететін ұйымдар арасында тұрақты кәсіби байланыс қажет
Айта кетейік, аталған форумға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай, Италия, Түркия, Ұлыбритания және басқа да елдердің университет басшылары, халықаралық ұйымдар мен білім сапасын қамтамасыз ету агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Бұған дейін аталған жиында сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Қазақстанда шетелдік университеттер мен бірлескен білім беру бағдарламалары көбейіп келе жатқанын, мұндай бағдарламалардың сапасына ортақ талаптар қажеттігін айтқан еді.