ЖИ мен цифрландыру: мұнай-газ саласында алдағы жылдары қандай мамандарға сұраныс артады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның мұнай-газ саласында цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект пен роботтандырудың дамуына байланысты мамандарға қойылатын талаптар өзгеріп жатыр. Алдағы уақытта кәсіби білімін цифрлық дағдылармен ұштастыра алатын кадрларға қажеттілік артады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты.

мұнайшы
Фото: ҚМГ

Министрліктің мәліметінше, қазір мұнай-газ саласында өндірістік және инженерлік-техникалық мамандарға сұраныс бар.

Атап айтқанда, технологиялық қондырғылар операторлары, электр монтерлері, электр газымен дәнекерлеушілер, жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету слесарьлары қажет. Сонымен қатар инженер-технологтер, инженер-механиктер, энергетиктер, автоматтандыру және бақылау-өлшеу аспаптары бойынша мамандарға сұраныс бар.

– Геологиялық барлау бағытында да мамандарға қажеттілік сақталып отыр. Олардың қатарында геологтер, геофизиктер, петрофизиктер, седиментологтер және сейсмикалық барлау мамандары бар. Алайда жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты саладағы мамандарға қойылатын талаптар да біртіндеп өзгеріп келеді. Министрліктің мәліметінше, цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект пен роботтандыру жаңа мамандықтардың пайда болуына ғана емес, қазіргі инженерлік және жұмысшы кәсіптердің өзгеруіне де әсер етеді, - делінген министрлік жауабында.

Алдағы уақытта технология, механика, энергетика, геология немесе жабдықтарды пайдалану саласындағы кәсіби білімін цифрлық дағдылармен және автоматтандырылған өндірістік жүйелермен жұмыс істеу қабілетімен ұштастыра алатын мамандарға сұраныс артады.

Соның ішінде өнеркәсіптік автоматика, цифрлық модельдеу, өндірістік деректерді талдау және жасанды интеллект бағытындағы мамандар қажет болады. Бұған қоса болжамды диагностика, өнеркәсіптік киберқауіпсіздік, мехатроника, техникалық тұтастықты басқару, энергия тиімділігі және ресурсты үнемдеу салаларындағы кадрларға қажеттілік артады.

– Геология саласындағы талаптар да өзгереді. Кен орындарының цифрлық модельдерімен, арнайы бағдарламалармен және күрделі коллекторлармен жұмыс істей алатын мамандардың маңызы арта түседі. Мұнай-газ өңдеу және газ химиясы саласында да жаңа бағыттар бойынша кадрлар қажет. Министрлік газ химиясы, өндірістік инжиниринг, пиролиз және полимерлеу саласындағы мамандарды атап отыр. Сонымен қатар жаңа цифрлық өндірістерді салу және іске қосу тәжірибесі бар жоба менеджерлеріне де қажеттілік болады, - делінген жауапта.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл қажеттілік газ химиясын дамытумен, мұнай өңдеу және жаңа газ өңдеу қуаттарын құрумен, сондай-ақ «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» күрделі теңіз кен орындарын игерумен байланысты.

Сондай-ақ министрлік мұнай-газ саласындағы технологиялық өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі – цифрлық және адам қатысуын барынша азайтатын кен орындарына көшу екенін атап өткен. Сондай-ақ кен орындары мен мұнай өңдеу зауыттарының цифрлық модельдерін жасау, өндірістік процестерді автоматтандыру және жабдықтарды қашықтан басқару көзделген.

– Бұдан бөлек, өндірісте ұшқышсыз ұшу аппараттарын, өнеркәсіптік заттар интернетін, үлкен деректерді талдау, машиналық оқыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану қарастырылған, - делінген.

Осы өзгерістерге байланысты мұнай-газ саласында тек белгілі бір мамандықты меңгеру жеткіліксіз бола түседі. Министрліктің жауабында кәсіби білімді цифрлық дағдылармен және автоматтандырылған өндірістік жүйелермен жұмыс істеу қабілетімен ұштастыра алатын мамандарға сұраныс жоғары болатыны айтылған.