ЖИ саласында жұмыс істейтін креативті жастар қажет - Астана IT университеті
АСТАНА. KAZINFORM – Астана IT университеті Цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің деканы елімізде жасанды интеллект бағытында жұмыс істейтін мамандардың тапшы екенін айтады. Бұл туралы ол «KИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңының отырысында хабарлады.
– Кез келген трансформацияда үш негізгі фактор бар: адамдар, процестер, технологиялар. Технология бойынша, Құдайға шүкір, жақсы ілгерілеп келеміз. Бізде бір емес, екі суперкомпьютер бар, есептеу қуатымыз жеткілікті. Процестер бойынша Президент қазіргі бюрократиялық парадигмада өте орынды шешім қабылдады. Жаңа министрліктің басшысын Премьер-Министр дәрежесінде тағайындау — әр сала мен ведомство арасындағы үйлестіруді жеңілдетеді. Сондай-ақ министрлікке тек цифрлық даму мен жасанды интеллект бағытына шоғырлану міндеті берілді — аэроғарыш, инновация сияқты өзге салалар алынып тасталды. Сондықтан бұл реформаны тиімді жүзеге асыру үшін басқару жүйесі мен технологиялық база бар. Бірақ енді басты мәселе — адами капитал, – дейді Әлтайыр Ахметов.
Маман стандарттан тыс ойлайтын жастарды дәл осы салада жұмыс істеуге шақырды:
– Маман жоқ деп айта алмаймыз, бірақ жеткілікті де емес. Бұл жерде университеттер кадр даярлауда шешуші рөл ойнайды. Бізге қазір креативті, стандарттан тыс ойлайтын, болашақты көре алатын жастар керек. Жасанды интеллектті қолдану — шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Біздің жастар — дарынды, креативті. Сондықтан бұл олардың серпіліс жасауына үлкен мүмкіндік. Қазақстаннан әлемге жаңалық ұсынатын кезең келді, – деді ол.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.