ЖИ тайфундардың бағытын болжауда жоғары дәлдік көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект өткен айда Тынық мұхитында қалыптасқан «Чампи» тайфунының қозғалыс бағыты өзгеретінін алдын ала болжады, деп хабарлайды Kazinform Kyodo агенттігіне сілтеме жасап. 

ИИ оказался точнее традиционных моделей в прогнозировании тайфунов
Фото: Kyodo

Жапонияда жасанды интеллект көмегімен жасалған тайфун траекториясының болжамдары физикалық есептеулерге негізделген дәстүрлі метеорологиялық модельдерге қарағанда дәлірек нәтиже көрсетіп отыр.

Дәстүрлі метеорологиялық модельдер температура, атмосфералық қысым және су буының мөлшері туралы деректерді физика заңдарына сүйене отырып, суперкомпьютерлер арқылы өңдейді. Ал ЖИ жүйелері ауа райына қатысты тарихи деректердің үлкен көлемін талдап, ондағы заңдылықтарды анықтайды және оларды атмосфераның қазіргі жағдайымен салыстырады.

Биыл тіркелген 30-шы тайфун – «Чампи» осының айқын мысалы. Ол 15 қазанда Тынық мұхитында пайда болып, әу баста батыс бағытта қозғалған. 19 қазанға қарай дәстүрлі метеорологиялық модельдерге сүйенген болжамдардың басым бөлігі тайфун Қытай жағалауына жақындайды деген болжам жасаған.

Ал ЖИ модельдері тайфун Окинаваның солтүстігінен өтіп, Шығыс Қытай теңізінің үстінде бағытын өзгертетінін болжаған. Кейін ол Жапонияның Кюсю аралынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан Нансэй аралдарына жақындаған соң, шынымен де бағытын күрт өзгерткен.

Жапония метеорологиялық зерттеу институты сарапшыларының айтуынша, ЖИ тайфундардың бағытына әсер ететін Тынық мұхитындағы антициклон мен батыс желдерінің ықпалын дәл болжайды. Сондай-ақ олардың бағыты қашан өзгеретінін де анықтай алады.

Алайда бұл технологияның да шектеулері бар. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ тайфундардың күшін болжауда дәстүрлі модельдерден әлі де артта. Сондықтан жауын-шашын мөлшері мен жел жылдамдығын дәл анықтау қиын.

Бұған дейін Қазақстанда қуаңшылық пен су тасқынын болжау үшін ЖИ қолданыла бастайтыны хабарланған болатын.