Жібек Құламбаева Италияда Рим жарысының финалына жолдама алды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Рим (Италия) ITF W60 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші белоруссиялық Юлия Готовкомен бірге үш кездесуін сәтті өткізді.
Олар алдымен жарыстың 4-ракеткалары, америкалық Анна Синклер Роджерс – София Севингті 6:3, 6:1 есебімен меселін қайырды. Содан кейін дәл сондай есеппен италиялықтар Дебора Кьеза – Джорджия Педонені қапы қалдырды.
Жартылай финалда болгариялық Дия Евтимова – франциялық Марин Партодан айласын асырды – 6:4, 6:2.
Жібек Құламбаева – Юлия Готовко финалда турнирдің 1-ракеткалары, колумбиялықтар Юлиана Лизаразо – Мария Паулинамен титул үшін сынға түседі. Матч 15 шілде күні Астана уақытымен сағат 14.00-де өтеді.
Жекелей сында әлемдік рейтингте 435-орында тұрған Ж.Құламбаева осы додада екінші айналымда әлемнің 249-ракеткасы, македониялық Лина Гьёрческаға тартысты матчта жол берді – 6:4, 2:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 16 жастағы теннисшінің Қазақстан спартакиадасының чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Швециядағы турнирдің финалына шыға алмады.
Андрей Голубев жұптық сында Аустриядағы турнирдің финалына шықты.
15 жастағы Зара Дәркен алғаш рет WTA 250 турнирінде ойнайды.