Жібек Мусинованың ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жібек Мусинованың ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралады. Аталған процесс 14-ші ақпан күні  Алматы облыстық сотында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жібек Мусинованың ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралады

Істі қарау уақыты сағат 11:00-ге белгіленді. Апелляциялық шағымды айыпталушы тараптың қорғаушылары түсірді. Олар сот үкімімен келіспейді, жаза тым қатал деп отыр. Ал жәбірленуші Жібек Мусинова да шағым түсірген. Ол керісінше, сотталғандардың жазасын қатаңдату керек деп санайды.   

Естеріңізге сала кетейік, 28-ші қараша күні Жібек Мусинованы зорлады деген айыппен 4 азаматқа үкім шықты. Төртеуі сегіз жылдан он жылға дейін сотталды. Жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейді. 

Ал, Жібек Мусинованы зорлағандардың ісі Еңбекшіқазақ аудандық сотында қаралды. Прокурор 4 азаматты 11 жылға дейін  бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Айта кету керек, 18 тамызда жәбірленушінің анасы әлеуметтік желі арқылы қызын 4 азамат зорлап кеткендігі жөнінде айтып, істің әділ өтуіне көмек сұраған болатын. Артынша күдіктілер қамауға алынды және істі облыстық ІІД тікелей бақылауға алған еді.