«Жібек жолы: Дунайдан Орхонға дейін» раллиінің қатысушылары Ақтауға келді
АҚТАУ. ҚазАқпарат – «Жібек жолы: Дунайдан Орхонға дейін» раллиінің қатысушылары Ақтау қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ралли қатысушылары Ақтаудағы Түркия Республикасының Бас консулдығының ғимаратына тоқтады.
Ралли 21 тамызда Мажарстанның Дунай өзенінің жағалауынан жолға шыққан еді. Түркия-Грузия-Әзербайжан маршрутымен Бакудан Каспий теңізі арқылы Құрыққа жетіп, Ақтауға келген. Енді әррі қарай Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларына жол тартпақ.

«Маңғыстау облысының Ақтау қаласына екінші рет келіп тұрмын. Мұнда осыдан 1 жыл бұрын болғанбыз. Енді осы Жібек жолы раллиін ұйымдастырып, Жібек жолында орналасқан барлық бауырлас, дос елдердің үстінен өтіп жатырмыз. Өткен аптада Мажарстан астанасы Будапешт қаласынан 15 автокөлікпен бастаған болатынбыз. Бүгін Ақтауға 11 автокөлікпен келдік. Кейбір көліктеріміз Грузияда, басқа елдерде қалып қойды. Қазақстанға келгенімізге қуаныштымыз. Осы ел Жібек жолы раллиіміздегі ең қызықты елдердің және маршруттың бірі болайын деп тұр», - деді «Жібек жолы: Дунайдан Орхонға дейін» раллиінің жетекшісі Надир Серин.
Жоба мақсаты – саяхат бағдары бойында орналасқан елдер мен қалалардың тарихи, мәдени, табиғи және туристік тартымдылығын таныту, сондай-ақ мәдениетаралық байланысты нығайту.