Жібек Жолы қалаларының басшылары Астанада бас қосады
Бұл бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 17 мамырда өткен ХІ Астана экономикалық форумының пленарлық отырысында мәлімдеген еді.
"Жібек Жолы елдері - әлем елдерінің саяси-экономикалық және туристік қызығушылығын туғызатын ерекше табиғи мұраға ие мемлекеттер. Сондықтан, осы форум Астананы әлемнің саяси және мәдени орталығы, экономиканың локомотиві ретінде жариялауға, шетелдік инвесторлар мен туристер үшін тартымды қала ретінде танытуға мүмкіндік береді. Форумға Жібек Жолы қалаларының мэрлері, әлемдік бизнес және қаржылық институттар, мемлекет және ғылым қайраткерлері қатысады. Бүгінгі күні әлемнің 52 елінен 2250 қатысушы, шетелдік спикерлер мен саяси қайраткерлер келеді деп күтілуде", - деп мәлімдеді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадіров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Форумда ХХІ ғасырдағы Жібек Жолын цифрландырудың маңызды мәселелері, тұрақты даму, экономикалық теңсіздікті төмендету, халықаралық сауданың жаңа ережелері, криптовалюталарды пайдалану, әйелдер мен жастардың, үкіметтік емес ұйымдардың маңызды мәселелері талқыланады.
"Форум соңында Жібек Жолы елдеріндегі қалалар басшыларының клубы құрылады деп күтілуде. Сондай-ақ, бизнес, ғылым, университеттер, БАҚ, әдебиет пен өнер, туризм, спорт бағыттары бойынша қауымдастықтар мен бірлестіктер ашылады. Мектепке дейінгі білім беру, туризм, спорт бойынша коммерциялық құжаттарға қол қойылады", - деп өз сөзін толықтырды басқарма басшысы.
Форумның басты шаралары Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді, ал бизнес-бағдарлама мен медиааймақ Тәуелсіздік сарайына жоспарланған.
Сондай-ақ, шара аясында Жібек жолы елдерінің ардагер футболшылары мен қала басшылары жолдастық кездесу өткізеді.
Форумның құрметті спикерлері арасында әлемдегі ең жетілдірілген жасанды гиноид София есімді робот бар. Келушілер роботпен емін-еркін тілдесе алады. Одан бөлек, форумға Татарстан Президенті Рустам Минниханов, Global Bank of Memories бас директоры Марк Гинзбург, «Лаборатория Касперского» компаниясының тең құрылтайшысы Наталья Касперскоя, бұрынғы федералдық канцлер Альфред Гузенбауэр, Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасьневский, ресейлік танымал қоғам қайраткері Ирина Хакамада, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг қатысады.