ЖИ дамыту электр станцияларына жүктемені арттыруы мүмкін — Бектенов
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жасанды интеллектті пайдалану энергия тұтынудың артуына және экологиялық зардаптарға әкелуі мүмкін. Бұл туралы Олжас Бектенов айтты.

Үкімет басшысы «Digital Almaty 2025» цифрлық форумында қоғамның орынды алаңдаушылығын туғызып отырған жасанды интеллект дамуының бірқатар тетігіне назар аударды.

— Қоғамда орынды алаңдаушылық тудыратын жасанды интеллект дамуының бірқатар тетігіне назарларыңызды аударғым келеді. Бұл жасанды интеллекттің еңбек нарығына ықпалы және мамандарды қайта даярлау қажеттілігі; қоғамдық пікірді бұрмалауды және басқа да тәуекелдерді қоса алғанда, жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық мәселелері; экологиялық зардаптар мен энергетикалық жүктеме; түрлі елдер мен әлеуметтік топтар үшін жасанды интеллектке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Айтуынша, форум барысында бұл мәселелердің шешімі табылады.
— Бүгінгі форум осындай маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндіктер ашады және олар нақты шешімін тауып, көптеген тәуекелдердің алдын алуға ықпал етеді деп ойлаймын, — деді ол.

Осыған дейін Мемлекет басшысы алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет екенін айтқан болатын.
Еске салайық, Алматыда Digital Almaty-2025 цифрлық форумы өтіп жатыр. Оған 40 мыңнан аса адам қатысуда.