Жидебай-Бөріліде этнографиялық көрме ашылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында «Ұлы дала мұрасы» этнографиялық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ұлы дала мұрасы» көрмесінің негізгі мақсаты - өткен ғасырларда өмір сүрген қазақтың алтын қолды ұсталары мен зергерлерінің асыл мұраларын насихаттау, мұражай қорында сақталған этнографиялық және зергерлік жәдігерлерді көрермен назарына ұсыну. Қазақ халқының ұмытылып, назардан тыс қалып бара жатқан ұсталық кәсіп, зергерлік өнерін музей қорындағы жәдігерлер негізінде түсіндіру.
Шара кезінде «қол күрес», «арқан тарту», «асық ату» сияқты қазақтың ұлттық ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, қазақ ұлттық әуендері мен билерден тұратын концерт өтті. Думанды шараға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татып, музей қызметкерлері дайындаған мерекелік көріністерге риза болды.
Көрменің ерекшелігі - этнографиялық көрмеге мұражай қорында сақталған сирек этнографиялық, зергерлік, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмысын танытатын жәдігерлер қойылды. Олар ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық заттар, түрлі тәсілмен жасалған қолөнер бұйымдары, қару жарақтар, музыкалық аспаптар, күмістен жасалған әшекей бұйымдары, бейнелеу өнері туындылары және тағы басқа жәдігерлер.
«Ұлы дала мұрасы» этнографиялық көрмесі қала қонақтары мен көрермен назарына бір ай бойы ұсынылады.