Жиембет батырдың 600 жауынгері жоңғарлардың 50 мыңдық қолын талқандаған тарихи оқиға туралы кітап жарыққа шықты
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада жазушы Табыл Құлыястың «Жиембет батыр» роман-эссесінің тұсаукесері өтті.
Кітап батыр, ақын, жыршы, сазгер, әскербасы, Есім ханның бас биі, халқын ойлаған тарихи тұлға, «Есім ханның ескі жолы» дала заңын құрастырушыларының бірі Жиембеттің көпқырлы бет-бейнесі туралы әңгімелейді.
«Бүгін біз Тәуелсіз Қазақстанда өз еліміздің тарихын қайтадан жинап жатырмыз. Бүгін біздің бағымызға біткен мемлекетіміз, елдігіміз бен егемендігіміз, мемлекет пен жерді сақтап қалған бабаларымыздың батырлығы арқасында жетті. Осы кітапта біздің жастарымызға сол батырларымыз туралы айтқым келді», - деді «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында жазушы, сатирик, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, роман-эссенің авторы Т.Құлыяс.
«Жәңгір бастаған қазақтың 600 жауынгері қазақтың тарихында алғаш рет ор қазу тәсілімен қалмақтың 50 мың қолын тоқтатып, оның 10 мыңын жойып жіберген. Ғалымдар батырлық тұрғысынан аталмыш шайқасты Куликов ұрысымен теңейді. Бұл оқиға Жиембет батырдың қолбасы ретіндегі даналығы мен дарындылығын тағы бір айшықтайды. Есім хан тұсында, яғни 1620, 1627, 1628, 1638 жылдарда қалмақтармен болған соғыстарда Жиембет батыр бастаған сарбаздар ірі жеңіске жетеді», - деп атап өтті жазушы.
Тарихшы аталмыш кітапті жазу барысында қазақстандық, сонымен қатар Ресейдің Омбы, Орынбор, Барнауыл, Новосібір қалаларындағы мұрағаттардан тарихи құжаттарды негізге алған.