«Жігіттер» тобы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары жарияланды.
«Театр және кино» аталымдары бойынша театр және кино әртістері Әділ Ахметов, Медғат Өмірәлиев марапатталды. «Журналистика» аталымында сыйлық тележүргізуші Рахат Жақсыбайға, Қазақстан ұлттық арнасының Қытай Халық Республикасындағы меншікті тілшісі Дәурен Омаровқа тапсырылды. «Әдебиет» аталымы бойынша ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан құрылған «ТӘЖ» әдеби-интеллектуалды клубының жетекшісі Ерлан Жүнісов лауреат атанса, «Эстрада» аталымында «Дарын» сыйлығына «Жігіттер» тобы, әнші-композитор Ескендір Ибрагим, Қазақ ұлттық өнер университетінің 1 курс студенті Дінмұхаммед Құдайберген лайық депт танылды.
Бұдан бөлек, «Классикалық музыка» аталымы бойынша «Даллас Опера Оркестр» концертмейстері Ордабек Дүйсен, виолончелші Ермек Құрманаев марапатталды.
«Халық шығармашылығы» аталымында дирижер Арман Жүдебаев, домбырашы Ақбота Ерболатқызы үздік деп аталды.
Мұнымен қоса «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымы бойынша сыйлық дизайнер Дариға Тайшиковаға, «Ғылым» аталымында республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері Қайсар Табынов пен PhD докторы Айнұр Темірхановаға тапсырылды.
«Қоғамдық қызмет» аталымында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қызметкері Думан Әбілтайұлына, осы салада жемісті қызмет атқарып жүрген Мария Глушковская марапатталды.
«Спорт» аталымы бойынша бокстан ҚР Ұлттық құрама командасының капитаны Данияр Елеусінов лауреат атанды.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын 1996 жылғы 7 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен және алғашқы рет 1998 жылы берілді. Сыйлық 35 жасқа дейінгі ел азаматтарына ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтері үшін тапсырылады. Сыйлық талантты жастарды ынталандыру және олардың сіңірген еңбегін бағалау мақсатында екі жылда бір рет беріледі. Сыйлық 10 аталым бойынша белгіленді.