Жигули Дайрабаев: Отставкаға кеткеннен гөрі қазақ халқына пайдам көп тиеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев істі болған балалары үшін кешірім сұрау жөнінде сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттан балалары үшін неге кешірім сұрамайтынын білгісі келді.

«Маған қоятын кінәңіз болса, соны айтыңыз, сол үшін кешірім сұраймын. Балалар өз тірлігіне өздері жауап береді. Айып етпеңіздер», - деді Ж. Дайрабаев.

Тілшілер «Балаларыңызға нашар тәрбие бердіңіз бе?» деген сұрақ қойды.

«Оны уақыт көрсетеді, алдын ала сәуегейлік жасай алмаймын. Құқық қорғау органдары өздері шешеді. Соттың жұмысына мен араласа алмаймын», - деп жауап берді депутат.

Сөз соңында шетелде осындай жағдай болса, лауазымды тұлғалар отставкаға кететіні айтылып, Ж. Дайрабаевтың депутаттық мандатты неге тапсырмайтыны сұралды.

«Мен отставкаға кеткеннен гөрі қазақ халқына өздерің сияқты пайдам көп тиеді. Ауыл шаруашылығын дамытамыз», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Тараз қаласының соты алаяқтық жасады және ірі мөлшерде ақша жымқырды деп айыптап, үкім шығарған екі күдіктінің Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары екені белгілі болды.

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясы депутаты Жигули Дайрабаев мандатын тапсырмайтынын мәлімдеді.

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Ж.Дайрабаевтың тұрғын үй және жер мәселесіне қатысты дауларға қатысы туралы ақпарат тарай бастады. Бүгін депутат желіде тараған айыптауларға жауап берді.


Соңғы жаңалықтар