«Жиһад» ұғымы «қасиетті соғысты» емес, «өз надандығыңмен күрес» дегенді білдіреді» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 25 маусым, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жиһад» ұғымы «қасиетті соғысты» емес, «өз надандығыңмен күрес» дегенді білдіреді» - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріптің «Жиһад» ұғымы «қасиетті соғысты» емес, «өз надандығыңмен күрес» дегенді білдіреді» деген тақырыпта көлемді мақаласы жарық көрді. Автордың жазуынша, діни сауаты жоқ жастар бүгінде Құрандағы «жиһад» терминін саясиландырып отыр. Жиһадшылыққа жаңадан елігіп жүргендердің теориясына сәйкес, бүкіл әлем «ислам аумағы» (дәр әл-ислам) және «соғыс аумағы» (дәр әл-харб) болып бөлінген. Біріншісіне мұсылмандар билігіндегі елдер, екіншісіне «дінсіз» билеушілер басқаратын елдер енеді. Терроршылардың сенімі бойынша «дәр әл-ислам» «дәр әл-харбпен» мәңгілік соғыс жағдайында болуы тиіс. Сонымен қатар, радикалды көзқарастағы кейбір идеологтар «бейбіт келісімдегі аумақ» (дәр ас-сулх) деген санаттағы тағы бір аумақты бөліп көрсетеді. Бұл мұсылмандарға тиесілі емес және олар билік жүргізбейтін жерлер, бірақ оның билеушілері өздерін мұсылман мемлекеттерінің вассалы (боданы) санауға және сол үшін белгілі бір мөлшерде салық - «жиза» төлеуге міндетті. Радикалдар, экстремистер мен террористердің түсінігінше, мұндай «жаһил» (надан) қоғаммен Қиямет қайымға дейін талмай күрес жүргізу керек. Осы үшін олар өздерінше түсіндірілген «жиһад» ұғымын қолданады. Дегенмен, ислам дінінде «қасиетті соғыс» ұғымы жоқ екендігі белгілі. Ол - христиандық термин. Ал шариғат бойынша соғыс не әділ (қорғаныстық сипатта), не әділетсіз (жаулап алу сипатында) болуы мүмкін», - деп жазады агенттік төрағасы.

«Елбасының тариф саясатына қатысты тапсырмасының орындалу барысы кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында талқыланды. Онда тариф саясатын жетілдіру мәселесі бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов баяндама жасады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшысы тарифтерге жүктемені азайту шеңберінде өкілдік шығыстарды, аудиторлық және маркетингтік қызметтерге арналған шығыстарды, басқа да шығындарды алып тастау ұсынылып отырғандығын да атап өтті. Сонымен қатар, ол монополист өтінімге қоса беруі тиіс құжаттар тізбесі 50%-ға қысқарғанын, басқа талаптар алып тасталынатынын, бұл тұтынушылардың қаражаттарын тарифтік реттеу сапасы үшін залалсыз үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты. Оған қоса, ТМРА монополистер жүргізген жұмыстардың сапасына көп сатылы бақылауды қолдана отырып, мониторинг жүйесін енгізуді ұсынды. Мақала «Жаңа тариф саясаты ашықтықты қамтамасыз етеді» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіковпен арадағы сұхбат «Жаңа заманның әдебиетін жазуға кірісуіміз керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген қаламгер: «Маған қазақтың бүгінгі рухани әлемінде азамат соғысы жүріп жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Ұлттық мүддеге байланысты әңгіме болса, отырған қырық адам қырық түрлі пікір айтуы мүмкін. Соның бәрі кешегі кеңестік санадан арыла алмай жатқанымыздан деп ойлаймын. Бұл - шын мәнінде, үлкен проблема. Тәуелсіздік алған кезде экономиканы жолға қоюмен қатар, «Сананың отарсыздануы» (деколонизация сознания) деген үлкен бағдарлама жасалуы керек еді. Өкінішке қарай, ол жасалған жоқ. Кембағал санадан біз ең болмаса, әдебиет пен өнер арқылы арылуымыз қажет. Бүгінгі әдебиет пен өнерде үлкен әлеуметтік идеялар болуы міндетті», - дейді.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына қазақстандықтардан әйелдер үшін зейнет жасын ұзартудың бастапқы мерзімін ауыстыру туралы шешімге қолдау білдірген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті»,- деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мәселен, «Ақсай» нан-тоқаш комбинатының ұжымы Мемлекет басшысына елдегі зейнетақы жүйе­сін реформалау мәселесіне ерек­ше назар аударғаны үшін риза­шылықтарын білдірген. Хат иелері ұжымның 70 пайызын күн сайын нан-тоқаш өнімдерінің түр-түрін шығарумен айналысатын әйелдер құрайтынын атап өткен. «Комбинат және оның филиалдары атынан Сізге зейнетақы реформасы туралы заң жобасына қатысты түрлі көзқарасқа жан-жақты талдау жасау негізінде қабылдаған шешіміңіз үшін алғысымызды айтамыз», - делінген хатта.