Жиһаз жасау саласында алаяқтық көбейіп барады - сарапшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова елордада жиһаз жасау бойынша кәсіпкерлік саласында алаяқтық фактілері көбейіп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиһаз жасау саласында алаяқтық көбейіп барады - сарапшы

«Елорда бойынша тұтынушылар тарапынан бізге күніне ең кемінде 50-60 адам шағымданады. Олардың жартысы кеңес сұраса, қалғаны тұтынушылық құқығының бұзылғаны туралы нақты арызбен келеді. Пандемияға қатысты көбіне интернет арқылы сауда дамып келе жатқаны анық. Дегенмен, осы салада алаяқтар көбейіп кеткені көрініп тұр. Сондықтан бізге осы проблемаға қатысты шағым көп түседі», - деді тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының өкілі Т. Жағыпарова.

Сонымен қатар ол қай бағытта алаяқтар көптеп кездесіп жатқанын айтты.

«Елордада құрылыс саласы дамыған. Осы орайда пәтер алып жатқан адамдар баршылық. Олар жиһаз жасатуға тапсырып береді. Бірақ жиһаз жасау бойынша кәсіпкерлік саласында алаяқтық өршіп барады. Тапсырыс берген тұрғындардың ақшасын жинап алады да, кейіннен жиһазды жасап бермей немесе ақшаны қайтармай адамдарды әлекке салады. Сонымен қатар азық-түлік, киімге де қатысты арыздар болып жатады», - деді Тұрсын Жағыпарова.

Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Сауда және интеграция министрлігінде Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні аясында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.