Жиһаз жасаймын: Қостанай облысында алаяқ сотталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласының №2 соты алаяқтық жасаған облыс тұрғыны Владлен Горецкийге қатысты үкімін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиһаз жасаймын: Қостанай облысында алаяқ сотталды

Сот мәліметінше, 2020 жылдың шілде айынан желтоқсанға дейін Горецкий жеке цехы, жұмыскерлері және материалдық-техникалық жабдықтарының болмауына қарамастан, клиенттермен қысқа мерзім ішінде корпустық жиһаз шығару бойынша жалған келісімшарттар орнатқан.

«Бұл ретте ол келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауға тырыспай, клиенттерден алдын ала төлем алып, ақшаны иемденіп отырған. Горецкий қылмыстық әрекеттерімен 43 жәбірленушіге шығын келтірді», - деп атап өтті облыстық соттан.

Жарыссөз барысында прокурор сотталушыға бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

«Сотталушы өз кінәсі мен азаматтық талаптарды толық мойындады. Іс бойынша жауапкершілікті жеңілдететін не ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Сот жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеумен, бес жылға бас бостандығынан айыруды үкім етті», - деп қосып өтті облыстық соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай полициясы алаяқ жиһаз жасаушыдан зардап шеккен азаматтарды іздестіріп жатқаны хабарланған болатын.