Жыл аяғына дейін елдегі әуе компаниялары жаңа 6 ұшақ алады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы тағы 11 халықаралық бағытты ашу немесе қайта іске қосу жоспарланған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.
— Отандық және шетелдік әуе компаниялар Қазақстанның халықаралық бағыттарын көбейтіп жатыр. 2026 жылы жаңа халықаралық бағыттарды ашу жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 4 жаңа рейс ашылды (Алматы–Шанхай, Астана–Ереван, Атырау–Ташкент, және Ақтау–Ереван). Сонымен қатар, 2026 жылы тағы 11 халықаралық бағытты ашу немесе қайта іске қосу жоспарланып отыр, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша, қазір әлемдік авиациядағы басты мәселелердің бірі — ұшақ тапшылығы. Жаңа ұшақты күту тым ұзақ.
— Мысалы, бүгін тапсырыс берсе, оны тек 8–10 жылдан кейін алады. Былтыр Америкада Boeing компаниясымен отандық компаниялар 15 млрд АҚШ долларына келісімге отырды. 2026 жылы 3 ұшақ сатып алынды, оның ішінде осыдан бір ай бұрын Scat авиакомпаниясына бір күнде 2 жаңа заманауи Boeing келген. Осы жылдың аяғына дейін қазақстандық авиакомпаниялардың паркіне тағы 6 ұшақ қосылады, — деді министр.
Бұған дейін қазақстандық әуе компанияларына Таяу Шығыстағы жағдай қалай әсер етіп жатқанын жазған едік.
2025 жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады. Биылғы алғашқы 4 айда жолаушылар саны 4 млн-нан асты.