Жыл басынан бері 164 автокөлік өртенген
АСТАНА. KAZINFORM – Аязды күндері көлік тізгіндеген жүргізушілер мұздаған көліктерін ашық отпен жылыту арқылы оталдыруға тырысады. Салдарынан талай автокөлік отқа оранып, өртеніп кетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті мәлім етті.
ТЖМ Өртке қарсы қызметінің мамандары ашық отты пайдалануға қатаң тыйым салады.
«Автокөлікте өрттің тез тұтануына себеп болатын түрлі жанғыш материалдар болады. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керек» — деп ескертеді сала мамандары.
Жыл басынан бері елімізде 164 автокөлікің өртену оқиғасы тіркелді.
«Автокөліктердегі өрттердің негізгі себебі — электр және отын жүйелерінің ақауынан болады. Уақыт өте келе сымдардың жұқаруынан жарылуы мүмкін әрі жанармай мен майдың ағуы өрт қаупін еселейді» —делінген хабарламада.
Мамандардың пікірінше, ақауы бар механизмдерді ұзақ уақыт пайдалану, әртүрлі қосымша электр жабдықтарын қосу, бөлшектердің қызып кетуі электр жүйесінде қысқа тұйықталуға әкеледі.
Сол себепті, автокөліктерді уақтылы техникалық жөндеуден өтізіп тұру керек.
«Көлікте үнемі жұмыс істейтін өрт сөндіргіш болуы керек. Темір тұлпардың мұз қатқан бөліктерін қыздыру үшін ашық от қолданбаңыз!» — деп ескертеді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті.