Жыл басынан бері 5,2 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы төленді
АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық бюджет бойынша 20,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді, мұнда әлеуметтік бағыттың басымдығы сақталып қалды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет отырысында баяндады.

Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 94%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 96%-ға жергілікті бюджеттердің шығыстары 92%-ға атқарылды.
− Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерге: зейнетақы мен жәрдемақыға – 5,2 трлн теңге, өңірлерге субвенцияларға – 4,8 трлн теңге, міндетті медициналық сақтандыру қорына – 1,6 трлн теңге жұмсады, − деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен бірге, жергілікті бюджеттердің шығыстары 13 трлн теңгені құраған. Шығыстардың негізгі үлесі әлеуметтік салаға – 6,6 трлн теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 1,9 трлн теңге, көлік және коммуникацияға – 1,2 трлн теңге, ауыл шаруашылығына – 750 млрд теңге бағытталған.
Айта кетейік, биылғы 11 айда мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсті немесе жоспар 90 пайызға орындалды. Жоспардың толық орындалмауы салықтар бойынша түсімдердің азаюына байланысты болған.