Жыл басынан бері 60-қа жуық адам кәсіпорында қаза тапты

Жыл басынан бері 60-қа жуық адам кәсіпорында қаза тапты
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жұмыс орнында жарақат алып, қаза табу көрсеткіші 31% көбейген. Бұл туралы «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының жиынында хабарланды.

Қор қызметінің негізгі бағыты – еңбек адамының құқығын қорғау, отандық кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін арттыру. Ресми статистика осы жылдың алғашқы 4 айында қазақстандық кәсіпорындарда 496 жұмысшы жарақаттанып, 59 адам қаза тапқанын көрсеткен. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 31,1% артық. 

Әділдік және өркендеу қоры
Фото: Әділдік және өркендеу қоры

«Біздің міндетіміз – азаматтың құқығы мен мүддесін қорғау, жұмысшы мен жұмыс беруші арасында конструктивті диалог орнату, салалық ҮЕҰ-мен, кәсіподақтармен келелі келіссөз жүргізу. Біз өз қызметімізде «Қоғамдық бақылау туралы» заңның барлық мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Бұл бізге өзекті проблемаларды анықтауға, оны шешуге, мемлекеттік басқаруға қатысып, атқарушы билік пен жұмыс берушілердің іс-әрекетінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», -деді қор директоры Дана Рысмұхамедова.

Әділдік және өркендеу қоры
Фото: Әділдік және өркендеу қоры

Қоғамдық қор қазақстандықтар арасында ауқымды сауалнама жүргізіп, әр аймақ тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді анықтаған. Сауалнама нәтижесі қордың іс-әрекеттер жоспарына негіз болды. Еңбек құқығын қорғаудан бөлек, қазақстандықтар өмір сапасын арттыруды, кедейлікпен күресуді, билік органдарының әрекетіне бақылау орнатуды қалайды. 

Әділдік және өркендеу қоры
Фото: Әділдік және өркендеу қоры

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осыдан екі жыл бұрын өндірісте жарақаттануды азайту мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлерді даярлау талаптары күшейтілгенін мәлімдеген. Сол уақыттан бері өндірістегі жазатайым оқиға мен жарақаттары азайды ма? «ҚазЦинк және Қарметтегі» проблемалар, «Қазақмыс» пен «Майқайың алтындағы» оқиғалар отандық кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін күшейту керектігін көрсетіп отыр, сол себепті әлеуметтік бақылауды күшейту керек. Біз Төтенше жағдай министрлігіне қарасты Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментімен бірлесе кәсіпорындарға кіріп, ондағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалауды жоспарлап отырмыз», - деді қордың Ұлытау облысы бойынша өкілдік жетекшісі, кенші Шәмші Хамзе.

Соңғы жаңалықтар