Жыл басынан бері 63 мыңнан астам жасөспірім түнгі ойын-сауық орындарында полиция қолына түскен
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері елдегі 1,3 мың кәсіпкер жасөспірімдерді түнгі ойны-сауық орнына кіргізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауаптап осындай дерек келтірген.

— Құқық бұзу фактілерінің алдын алу үшін ай сайын «Жасөспірім», «Қауіпсіз балалық шақ», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз-балалар!» акциялары сияқты жедел-профилактикалық шаралары ұйымдастырылады. Атқарылған шаралар аясында биыл 3 мыңнан астам қараусыз қалған жасөспірімдер бейімдеу орталықтарына жеткізілді, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерсіз болғаны үшін 63 мыңнан астам ата-ана, 1,3 мыңға жуық кәсіпкер, 12 мыңнан астам ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, — деп жазады Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, өткен аптада Маңғыстаудың Құрық ауылында топқа бөлініп төбелескен жасөспірімдер ұсталған еді.