Жыл басынан бері елімізде 11 адам құлдыққа сатылған
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері еліміздің 9 өңірінде адамды құлдыққа сату фактілері тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

«Жыл басынан бері еңбекке пайдалану мақсатымен адамды бас бостандығынан заңсыз айырудың 11 фактісі тіркелді. Нақты айтсақ, Алматы қаласының, Абай, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының Полиция департаменттерінде тіркелген», - деп жазылған жауапта.
Министрлік мәліметінде кейінгі екі жылда қазақстандықтардың шетелге құлдыққа сатылу фактісі тіркелмегені айтылған. Дегенмен ондай талпыныстар әлі тоқтамай тұр.
«Полиция органдары Қазақстан азаматтарын Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Корея, Бахрейн, Түркия елдеріне шығарып әкету әрекеттерінің жолын кесіп тұрады. Ал Қазақстан аумағында қазақстандықтар да, Орталық Азия елдерінің азаматтары да құлдыққа түсіп жатады», - деп жазылған министрлік жауабында.