Жыл басынан бері Грузия экспорты 20 пайыздан астам өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қаңтар-сәуір айларында Грузия сыртқы нарықтарға экспорт көлемін күрт арттырды – жеткізілім көлемі 21,1 пайызға өсіп, 2,44 миллиард долларға жетті. Ал импорт 4,9 пайызға қысқарды. Бұл туралы Грузия Ұлттық статистика қызметінің (Geostat) деректеріне сілтеме жасаған Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі хабарлады.

Жыл басынан бері Грузия экспорты 20 пайыздан астам өсті
Фото: Bizbrains Advisors

Ұлттық статистика қызметінің мәліметіне сәйкес, қаңтар-сәуір айларындағы Грузияның сыртқы сауда айналымы 8,13 миллиард доллар болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда небәрі 1,7 пайызға артқан. 2026 жылдың алғашқы төрт айында экспорт көлемі 2,44 миллиард долларға жетсе, импорт 5,69 миллиард доллар болған. Сауда балансының теріс сальдосы 3,25 миллиард доллар деңгейінде сақталғанымен, тапшылық өткен жылмен салыстырғанда азая бастаған.

Көктем айларындағы көрсеткіштер ерекше назар аудартты. Сәуірде Грузия экспорты 716,2 миллион долларға жетіп, бұл жыл басынан бергі ең жоғары айлық көрсеткіштердің бірі болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың сәуірінде экспорт көлемі 616,8 миллион доллар болған еді.

Экономистердің айтуынша, экспорттың мұншалықты жылдам өсуі елдің транзиттік және реэкспорттық белсенділігінің артуын, сондай-ақ грузин өнімдерінің жекелеген санаттарына сыртқы нарықтағы сұраныстың қалпына келе бастағанын көрсетуі мүмкін.

Сонымен қатар импорт динамикасы кері үрдісті байқатты. 2025 жылдың басында импорт көлемі рекордтық деңгейде өсіп, тек қаңтар айының өзінде 1,7 миллиард доллардан асқан болатын. Ал 2026 жылы көрсеткіштер біршама тұрақталған. Сәуір айында импорт көлемі 1,48 миллиард долларға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңде 1,53 миллиард доллар болған.

Осы жағдай аясында сыртқы сауда айналымындағы сауда тапшылығының үлесі 40 пайызға дейін қысқарды. Бұл Грузия экономикасы үшін алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым қолайлы көрсеткіш саналады.

Еске салсақ, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан Грузияның сыртқы саудасындағы жетекші елдердің бірі болып, грузин экспортының ең ірі үш бағытының қатарына енген еді.

Айта кетелік Грузия теміржол жаңғыртуға 370 млн доллардан астам инвестиция салған еді