Мүгедектігі бар адамдар қандай қызметті жиі пайдаланады

Мүгедек
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жыл басталғаннан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 140,7 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 7,4 мың ымдау тілі қызметін, 24,8 мың жеке көмекшінің, 7,8 мың санаторлық-курорттық емдеу қызметін алған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

«Бүгінде порталда 893 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 692 ОТҚ жеткізуші, 29 мыңға жуық жеке көмекші, 739 ымдау тілі және 120 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген. «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған», - делінген министрліктің хабарламасында.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығына 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Бұған дейін екі мыңнан астам азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет цифрлық жүйе арқылы қолжетімді болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар