Жыл басынан бері сауда талаптарын бұзудың 873 фактісі анықталды – Сауда министрлігі

 электронды сауда
gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 3 мамырда Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен көкөніс бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша кеңес өтті.

Онда мемлекеттік органдарға делдалдық схемаларды анықтау бойынша тиімді мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сауда және интеграция министрлігі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық шот-фактураларын (ЭШФ) талдау арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер саудасына мониторингті тұрақты негізде жүргізіп келеді. Осы бағыттағы жұмыс нәтижелері бойынша тек сауда үстемесі мөлшеріне қатысты заң бұзушылар ғана емес, сонымен қатар тиімсіз делдалдар, монополияға қарсы заңнама нормаларымен реттеуді қажет ететін монополистер, салық органдарына тіркелместен әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен көтерме сауда жасап жүрген адамдар анықталып жатыр.

Жыл басынан бері ҚР Сауда және интеграция министрлігі аумақтық бөлімшелері 2,5 мыңнан астам тізбекті талдады. Бұл орайда Қазақстан заңнамасын бұзу бойынша 873 факт анықталып, 1022 әкімшілік іс қозғалды. Бұл өткен жылғы жұмыс нәтижесімен салыстырғанда 4 есеге жоғары. Сауда үстемесін арттырғаны үшін 5,2 млн теңгеге 840-тан астам әкімшілік қаулы шығарылды, 775 ескерту берілді.

Қабылданған әкімшілік шаралардың саны бойынша ең көп заң бұзушылықтар Шымкент, Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Павлодар және Ақмола облыстарында анықталды.

Ірі сауда желілері, сондай-ақ көтерме жеткізушілер мен дистрибьюторлар арасында сауда үстемесі мөлшерін 15 пайыздан асыру мен салық заңнамасының бұзылуы анықталды.

Мысалы, Астананың сауда желісі күнбағыс майын сатып алып, одан әрі оны 17%–55% үстемемен жеке және заңды тұлғаларға сатқан. Алматыдағы ірі супермаркет сүт өнімдеріне (сары май және сүзбе) рұқсат етілген сауда үстемесін 43%–55%-дан асырды.

Сауда үстемесін ірі көтерме жеткізушілер асырғаны анықталды. Мысалы, Қазақстанда жұмыртқа және тауық етін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі биылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында басқа көтерме жеткізушілерден және отандық өндірушілерден әлеуметтік маңызы бар тауарларды (қант, тұз, тауық еті, сары май, күнбағыс майы) сатып алып, одан әрі жеке және заңды тұлғаларға рұқсат етілген сауда үстемеақысынан 20%–32%-дан асырып сатқан.

Сондай-ақ, ұн өнімдерінің ірі дистрибьюторы бірінші сұрыпты ұн мен макарон өнімдерін сатып алып, одан әрі рұқсат етілген сауда үстемесін 20%–30% -дан асырған.

Барлық анықталған фактілер бойынша ақпарат уәкілетті органдарға жіберілді.

Соңғы жаңалықтар