Жыл басынан бері Ұлттық банктің алтын-валюта резерві 9 пайызға төмендеді
Жыл басынан Ұлттық банктің алтын-валюта резерві 9 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасар Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
«Жалпы халықаралық резервтер қыркүйектің соңында 89,7 млрд долларды құрады. Жыл басынан бері Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 31,9 млрд долларға дейін, яғни 9 пайызға төмендеді. Бұл Ұлттық банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюына және мемлекеттік борышты төлеуге байланысты болды», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.
Оның дерегінше, Ұлттық қордың активтері жыл басынан 57,8 млрд долларға дейін 3,7 пайызға, яғни 2,1 млрд долларға өсті. Негізгі өсім жыл басынан 4 пайыз немесе 2,2 млрд долларды құраған инвестициялық табыс есебінен болды.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер 3,3 трлн теңгені құрады. Оларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың валюталық активтері 6 млрд долларға сатылды. Қорға түскен түсімдер 3,4 трлн теңгені құрады», - деді Берік Шолпанқұлов.