Жыл басынан елордада 500-ден астам өрт тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы өрттің басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында тіркеліп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев айтты. 

Жыл басынан елордада 500-ден астам өрт тіркелді
Фото: ТЖМ

— Жыл басынан бері 529 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 225-і осы жеке тұрғын үй секторларында болды, яғни бұл жалпы өрттің 42,5 пайызын құрады. Сонымен қатар, 2025 жылдың 15 қазанынан 2026 жылдың 15 сәуірі аралығында — жылу беру маусымында жалпы жеке тұрғын үйлерде 160-қа жуық өрт оқиғасы тіркелген. Өрт салдарынан адам шығыны болды, зардап шеккен адамдар да бар, — деді Ғабит Бабаев Астана қаласы Коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Осы орайда ол жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында пеш жабдықтарына, электр энергиясы жүйесіне қатысты қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылатынын айтты.

— Өрттің шығу себептері — ол пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, мұржалардың уақытылы тазаланбауы, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтауға немқұрайлы қарауы, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау және сапасыз жылыту құрылғыларын қолдану. Бұдан бөлек, балаларды қараусыз қалдыру жағдайдары жиі кездеседі. Балалар отпен ойнап, қайғылы жағдайларға тап болады. Астана қаласы бойынша 983 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы есепке алынған. Қазір өрт қауіпсіздігі айлығы (15 тамыздан 15 қыркүйек аралығында) аясында жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп 157 отбасының тұрғын үйлерін аралап, қауіпсіздік шараларын түсіндірдік. Бұл ретте 700-ге жуық азамат қамтылды. Осы үйлерді профилактикалық аралау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 38 дерегі анықталды. Оның 15,8 пайызы жылыту жүйелеріне, ал 84,2 пайызы электр желілеріне қатысты, — деді ТЖД өкілі.

Бұл тұрғыда ол халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың тұрғын үйлерінде арнайы датчиктер орнатылғанын айтты.

— Бұған дейін жалпы 3000-нан астам датчик орнатқанбыз. Қазір көп тұрғын үйде датчиктер бар. Аталған өрт қауіпсіздігі айлығында есепте тұрған 983 отбасының тұрғын үйлерін толық аралап шығамыз. Сонымен қатар улы газды анықтайтын датчиктер орнатамыз, — деді Ғабит Бабаев.

Айта кетейік, тамыз айының соңында Қазақстанда бір тәулікте 5 орман өрті тіркелді.